1 қыркүйектен бастап Қазақстанда Президенттік жастар кадрлар резервіне іріктеуге қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталды.

Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар – бұл Қазақстан Республикасы азаматтығының болуы, жас мөлшері 35 жасқа дейін, жоғары білімді және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс.

Резервшілерді іріктеу сабақтас бірнеше кезеңнен тұрады:

Бірінші кезең – қатысушылардың құжаттарын қабылдау.

Қатысушылардың құжаттарын қабылдау үшін құжаттарды жинаудың автоматтандырылған онлайн-платформасы іске қосылды (PKRezerv.kz сайты).

Онлайн-платформа интуитивті интерфейске ие және оны пайдалану ыңғайлы. (https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/nachalsya-priem-zayavok-v-preziden...)

Сайттың басты парақшасында үміткер Президенттік жастар кадрлар резервіне іріктеу процесі туралы деректермен инфографика түрінде таныса алады: кім және қалай қатыса алады, іріктеудің мерзімдері мен кезеңдерін біле алады.

Тіркелу рәсімі барынша оңайлатылған.

Үміткер өзінің ТАӘ, ЖСН, білімі мен жұмыс өтілі туралы мәліметтерді (жеке басын куәландыратын құжат көшірмесін; білімі туралы құжат көшірмесін; еңбек қызметін растайтын құжат көшірмесін), іріктеу кезеңдерінен өту үшін қалайтын тілін және ең бастысы қолданып жүрген электронды мекенжайы мен мобильді телефон нөмірін көрсеткен жөн.

Құжаттарға қол қойылған күні, үміткердің тегі, аты және әкесінің аты; кәсіби және жеке қасиеттері сипатталған мінездеме; үміткермен ынтымақтастық жасаудың ұзақтығы мен шарттары көрсетілген қолдаухат қоса беріледі.

Екінші кезең – үміткерлердің қабілеттерін тестілеу. Тест үміткердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған.

Үшінші кезең – үміткерлердің көшбасшылық қасиеттерін, стратегиялық болжам жасауын, уәждері мен құндылықтарын бағалау. Ол үшін үміткерлер эссе жазып, өзінің әлеуметтік маңызды жобаларының тұсаукесерін жасауы тиіс. Эссе мен жоба жұмыстары жүйеде онлайн тәртібінде тексеріледі. Әділдік үшін үміткерлердің эссе жазу процесінің бейне жазылымын жүргізу жоспарланып отыр.

Төртінші кезең – Сараптама кеңесінде әңгімелесуден өту. Бұл кезеңге іріктеудің алдыңғы кезеңдерінде жиынтықтағы балдармен ең үздік нәтижелер көрсеткен үміткерлер қатыстырылады. Президент Әкімшілігі құратын комиссия іріктеудің алдыңғы кезеңдерінен сәтті өткен әр үміткермен әңгімелесу өткізеді.

Іріктеудің қорытынды кезеңінде Кадрлар резерві жөніндегі Ұлттық комиссия ең жоғары балл жинаған үміткерлерді Президенттік жастар кадрлар резервіне қою туралы шешім қабылдайды.

Барлық үміткерлерді бағалау кезеңінде шешімдерді қабылдау ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қоғам өкілдері тартылуы мүмкін.

Резервке қойылған тұлғалар Ұлттық комиссияның шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламалары бойынша қысқа мерзімді курстардан өтуі мүмкін.

Инновациялық технологиялар, инженерия, кәсіпкерлік қызмет, медицина, экономика және көптеген басқа салаларда елеулі нәтижелерге қол жеткізген жас қазақстандықтар резервке іріктеуден өту, сондай-ақ еліміздегі жоғары мемлекеттік және басқару лауазымдарына тағайындалу мүмкіндігіне алғаш рет ие болып отыр.

 

Қазақ